Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қыркүйек 18th, 2009

немесе кей ырым-тиымдардың мәні

Ол кезде сіз бала болатынсыз. Алматыдан ағаңыз келе жатқанын білесіз.  Мектепке бармасқа тағы болмайды. Сабақ біте сап, үйге қарай құйын-перін ұшасыз! «Ағам келді-і-і-і!!!» деп айғайлап. Әжеңіз алдыңыздан шығып қап: «Тек! Жаман ырым бастағаны несі?! Үйге айғайлап, жүгіріп келуші ме еді?» – деп тыйып тастайды. «Неге?» – дейсіз төргі үйге ұшып бара жатып, «Жаман болады!» деген жауапты құлағыңыз шалып қалады.
Тағы да бала кезіңіз. Еркеліктің неше түрін жасайсыз. Сіздің жылағаныңыз да ерекше, елдің назарын аудару керек. Сәждеде жатқандай маңдайыңызды жерге тигізіп жылайсыз «маған анау ұрысты ғой» деп. Сонда анаңыз келеді. Келеді де: «Тек! Жер бауырлап жылаушы ма еді?! Құдай сақтасын!» – деп тағы да сізді тыйып тастайды. «Не болады?» дейсіз өксіп жатып. Тағы бір жауап – «жаман болады». Немесе шаршағанда, бір қолыңызды бүйіріңізге таянып тұра қаласыз. Ол да «болмайды, жаман болады».

Жамандықтан АЛЛА сақтасын! Қой деген соң, қоямыз ғой жаман болмасын деп. Соның кейбіреулерінің мәнін бүгінде түсінгендеймін. (Әрине, кейбіреуін осылай болады екен-ау деп жорамал жасап алғаным да бар, көбін естіп, кітаптан оқып дегендей…). Сонымен… былай:
Бүйірді таянуға болмайды, неге? Өйткені, қазақ жақын бір адамынан айырылғанда қос бүйірін таянып, жоқтайды. Қатты өксік, солықтап жылау адамның ішкі органдарына қатты зиян келтіреді, сол кезде екі бүйірден таяну – адамға үлкен таяныш екен, органдардың төңкеріліп, бұралуына аз да болса тостауыл болады-мыс.
Күлді баспа – тазалыққа байланысты. Шаң болмасын деп те, жын-шайтаннан сақтану үшін де ондай жерлерге бей-берекет бара бермеген.
Босағаны керме – өйткені, қазақ ұғымында әйел мен ер қос босаға сынды, оны керу – екеуінің арасын ажырату деп білген.
Есінегенде ауызды қолмен жабу. Бірде сабақта отырғанда орыс тілі пәнен сабақ беретін апайға қарап бір бала есінеді. Сонда әлгі мұғалім: «Не, мені жұтып қояйын деп тұрсың ба?» – деп қатты ренжігені есімде қалып қойыпты.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есінегенде аузын оң қолының ішкі жағымен не сол қолының сырт жағымен жапқан екен. Есінегенде, шайтан адам аузына балаларын тастап жібереді.  Демек, бұл тиым – сүннет.
Заманауи ырым-тиымдарға мысық алдыңнан кесіп өтсе, жолың болмайды, сабақта жүріп түйме тауып алып, оны сындырсаң өзің қаламаған бір сабақ болмайды,  экзаменге өткен жолы бестік баға алған кездегі киімді киіп бару керек деген нәрселерді қосар едім.
Ырым-тиымның дені жақсы болсын деген ниеттен туғаны ақиқат қой, бірақ кейбіреуі дұрыс емес пе деп ойлаймын. Мәселен, мен босағаны керме, бүйірді таянба дегенді онша түсіне алмаймын. Әрине, миыма мықтап сіңген соң оларды жасамаймын да ғой, бірақ көңілім сенбейді, неге екенін. Есікке таға ілу не босағаға асықты жілік ілу бақыт әкеледі дегенге сенбеймін. Адам әр кез жақсы ойда жүрсе, АЛЛАдан сұраса, бақыт асықты жіліксіз-ақ келеді (деп ойлаймын, ИНШАЛЛАХ).
Кәмшат

Read Full Post »