Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қыркүйек 25th, 2009

Бірде бір кісі (кейде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) деп те айтылады) келе жатып, тау арасымен өтіпті. Түн мезгілі болса керек. Сонда жанында келе жатқандарға:
«Аяқтарыңның астында жатқанды тергендерің де өкінесіңдер, термегендерің де өкінесіңдер», – депті. Оны естіген бәзбіреулері: «Ақыр өкінеді екенбіз, теріп керегі не?» – деп ойлапты. Енді бір тобы: «Термей өкінгенше, теріп өкінейік те» – деп біреу бір дорба, біреу жарты дорба, енді біреулер қап—қап қылып жинап алыпты. Ертесі тұрып қараса, тас дегендері алтын екен. Сонда жинамағандар «неге жинамадық?!» деп өкінсе, жинағандар: «аз жинап қалғанымызды қарашы!» деп өкініпті дейді.

P.S. Бұны айтып берген Қайнар: «Адам о дүниеге барғанда намаз оқымаса, «неге оқымадым» деп, оқыса, «неге аз оқыдым!» деп өкінеді» деген түсініктеме де берген еді.

Read Full Post »

Мен бүгін намыс деген сөзді екі адамның аузынан екі түрлі мағынада естідім.
Адам толмай, көлігіміз аялдамада біраз тұрып қалды. Кондуктор балақай «Саяхат», «Экран», «Развилка! Бір орын бар» – деп айқайлап қояды. Ақ көйлекті аққұба қыз кіріп, әлгі бос орынға жайғасты. Іле-шала кірген алпыстардағы апаға арт жақтан бір қара бала орын берді. Көлік ішнде жанға жайлы тыныштық орнаған. Әркім өзімен-өзі. Көлік ұшқан құспен жарысқандай заулап келеді. Тек соңғы кірген апа:
– Байқа, балам, байқа. Қайда асығасың? «Асыққан – шайтанның ісі», – деп ақылын айтты. Жүргізуші сәл жымиып, магнитофонынының тетігін шырт еткізді. «Жер бетіндегі көп қабір, Адамның алған еншісі», – деп Мейрамбек қоңыр даусымен бізді одан әрі ұйытып әкетті. Әншейінде асығып, қарбалас жүретін жүргіншілер қазір өте жайбарақат. Осы тыныштықты қолына сыра ұстай кірген мазасыз жігіт бұзды. Манағы аққұба қыздың дәл төбесінен төніп тұр. Әлдекімді былапыт сөздермен балағаттайды. Апа: «кейінірек тұрсаңшы, балам-ау» – деп айтып ауыз жиғанша қыздың үстіне сыра төгіліп-ақ кеткені. Қатулы жүзбен қараған қыз жігітті кейін итеріп еді:
– Ей, итерме! Сен кімсің соншама? – деп жігіттің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
– Әй, балам, болды! Өзіңді сыйламасаң да, бізді сыйла! Тәрбие көріп пе едің өзің?! Апаның жүзінде кейістк білінді.
– Ой, сіз де қоймайды екенсіз! Бірдеме бүлініп қалды ма сонша?! Кел сүртіп берем. – масаң жігіт қыздың иығындағы сары дақтың үстіне қолының бес батпан кірін жаға салды. Шыдамның да шегі бар емес пе? Әлгі қыз тентектің қолынан салып жіберді.
– Ой, сен не? Бірдеңе керек пе өзіңе?!
Жып-жинақы шаш әп-сәтте қобырап шыға келді.
Апа орнынан ұшып тұрып:
– Өй, намыссыз өлік! – деп жігітті итеріп жіберді. – Шамаң жететін болған соң тиісіп тұрсың ғой! Қызға қол жұмсағанды қай атаңнан көріп едің, тексіз?!
– Сіз тыныш отырыңыз! Неңіз бар сіздің?! Ауылдан келіп пе едіңіз? Е, бәсе, көрініп тұр! Үлкен болған соң сыйлап тұрмын, соны біл, ұқтың ба?! – Сөз басын сізбен бастап, сенмен аяқтаған тентек енді өз анасындай адамға дауыс көтере бастады. Осы сәтте бақылдап тұрған бәленің алқымына әлдекімнің қолы жармаса кетіп, сілкіп-сілкіп қалды. Көлік те тоқтай қалды. «Шық, ит!» Манағы қара бала қабағын түйіп, маскүнемді итеріп-итеріп жіберді.
Көліктен түскен соң да әлгі жігіт:
– Жүр, шық былай! Шықпайсың ба? Не қорқып тұрсың ба? Несіне жігіт боп жүрсің, намыс қайда?! – деп қояды.
Көліктегілердің бәрі ду күлді. Бас кейіпкер – қара бала да беті қызара сәл жымиды. Улы күлкі ойдағы түйткілді біраз сейілтіп әкетті. Көлік қайта зулай жөнелді. Тағы да тыныштық орнаған, бірақ тым ауыр, еңсені езген тыныштық. Әркім өз ойымен әуре. Арашашы апа тіпті жайбарақат, қабағында кірбіңнің ізі де қалмапты. «Намыссыз» дегенді бірінші айтқан осы кісі ғой. Пәлі, дәл осы сөзді масаң жігіт те айтты, ә… Екеуінің де айтқаны бір сөз, ал салмағы екі басқа.
Иәә, әркім өмірді өз ақылы жеткенше түсінеді.
Намысты да….
Кәмшат

Read Full Post »